Created: 17 Қараша 2023
24

29.09.23ж Қарттар күні

«№27 жалпы білім беретін мектебі» КММ

 Қарттар күні қарсаңына орай  атқарылған іс-шараның ақпараты

Тәрбиелі ұлт, дамыған ұлт өз қариясын сыйлап, үлгі тұтқан және мол тәжірибесінен тәлім алған. «Қариясы бардың - қазынасы бар» деген сөз де бекер айтылмаған. 1 -қазан Қарттар күніне орай мектебіміздің ұстаздары мен оқушылары ардагер ұстаздар қауымын айтулы мерекесімен құттықтап, үйлеріне барды. Оқушылар қарт ұстаздарды келе жатқан Ұстаздар мерекесімен құттықтады. Бұл кездесудің маңыздылығы барша қарттарымызды, өсіп келе жатқан буындарымызға құрметтеу болып табылды. Көпті көрген асыл қарттарымыз бақытты күн кешіп, қай кезде де халқына сүйеу, жұртына - қамқор боп, жүздерінен қуаныш пен күлкі кетпей, балалары мен немерелерінің қызығын көріп, аман-сау жүзге жетіп жүре берулеріңізге тілектеспіз.                                                                                                 

          Ұлытаудай ұлы даланың топырағынан нәр алған, айналасының ұлылығы мен ұлағатын бойына сіңірген, өмірден түйгені мол, көңілі ашық, көкірегі сәулелі, бітімі бөлек, дара тұлға – Шабал Бейсенбекқызы Шабал Бейсенбекқызы Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Терісаққан ауылында дүниеге келді. Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын 1959 жылы бітірді. Білім беру мекемесіндегі еңбек өтілі - 54 жыл. Жезқазған облысы Рудник поселкесіндегі №7 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Весовая поселкесіндегі №10 орта мектептің басшысы, Сәтбаев қаласындағы №27 орта мектеп басшысы болған.  Шабал Бейсенбекқызы басқарған кезде ұжымның  жеткен жетістіктері республика көлемінде «Елім-ай» оқу-эстетикалық бағдарламасы бойынша жұмыс, Алматыда өткен бірінші республикалық өнер фестивалінде мектеп өнерпаздары І орынды жеңіп, лауреат атанды, Социалистік жарыстың төрт жыл қатарынан жеңімпазы, мектеп базасында республикалық орыс тілі пәнінен «Ұлттық мектепте орыс тілі пәнін оқыту методикасы» тақырыбында, «Әскери-патриоттық тәрбие беру» тақырыбында облыстық семинарлар өткізді.  Сол жылдары білікті басшы Ш.Б.Бейсенбекованың басқаруымен 33 үйірме жұмыс жасады. Осы үйірмелердің жұмыс нәтижесінде мектеп көптеген жетістіктерге жетті. Өз жарығын басқаларға арнап, ұлт болашағы – жас ұрпақ санасына өнер-білім жарығын сыйлаған жанға, яғни, ел мен ұлттың көсегесін көгертетін қоғам қайраткеріне қай елдің болса да құрметі бөлек, ерекше. Жезқазған облысы бойынша «Жыл директоры» (1992ж.), №27 мектептің «Мектеп шежіресі» мұражайына Ш.Б.Бейсенбекова есімі берілді (2007ж.). «За доблестный труд» медалі (1970ж.), «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төс белгісі (1972ж.), «Отличник народного просвещения СССР» төс белгісі (1984ж.), «Оқытушы - әдіскер» атағы (1992ж.), «ҚР Білім Министрлігінің Құрмет грамотасы» (1994ж.), «Еңбек ардагері» медалі (1996ж.), «Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы» (1996ж.), «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі (2001ж.), «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағы (2006ж.), «Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік даму жолында қол жеткен табыстары және гүлденуіне қосқан үлестері үшін» грамотасы (2008ж.), «Ы.Алтынсарин белгісі» иегері (2009ж.), «Құрмет» ордені (2013ж.) марапаттарының иегері.Өзі еңбек еткен жылдарда  халықтық педагогика негізінде оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру мәселесіне ерекше көңіл бөліп, этнопедагогикалық мәселенің өзектілігін, білім беру жағдайында ұлттық тәрбиенің ерекшеліктері мен озық педагогикалық дәстүрлерді сақтаудың маңыздылығына көз жеткізді. Аристотельден кейінгі ғұлама ұстаз ретінде құрметке ие болған Әл-Фараби бабамыз «Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жадында сақтайтын, еш нәрсені ұмытпайтын, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, жаны жақындарына да, жат адамдарға да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсететін, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» деген екен. Осы сөздің қаншалықты дәл айтылғанын Шабал апайдың өмір-дерегімен  танысқан әрбір жастың көз жеткізері анық. Зерделі ұстаздың сара жолын шәкірттері жалғастыруда.  Шабал апайдан өнегелі тәлім, терең білім алған шәкірттері қазіргі уақытта еліміздің әр өңірінде, табысты қызмет атқарып жүр.  Шабал апайдың өмір жолына көз жіберсек,  Шәкәрім атамыздың мына бір қанатты сөзі ойға оралады: «Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң, шын бақыт – осы». Ендеше, бақыт құшағына бөленген,ұлтының ұлылығын ұлықтаушы – Шабал Бейсенбекқызының ғибратты ғұмыры, еңбек жолы – жас өренге, ұлт болашағына тағлымы мол, үлгі-өнеге боларлық даңғыл жол. Ұлт болашағы -жас ұрпақ санасына өнер-білім жарығын сыйлаған жанға алғысымыз шексіз! Мерекеңізбен, ұлағатты Ұстаз!

Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын ұстазға деген халқымыздың құрметі қашан да ерекше. Өйткені, қоғамның басты байлығы – адам болса, сол «адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» дейді дана Абай. Білім беру саласында, оның ішінде спорт саласында аянбай еңбек етіп, шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәрбие берген, мектебімізде талай жыл аянбай қызмет жасаған ардагер ұстазымыз Камаева Татьяна Степановнаға айтулы мереке Ұстаздар күні қарсаңында 11 сынып оқушылары видеоқұттықтау жолдады.


Мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, аяулы ұстазымыз Камаева Татьяна Степановнаға мықты денсаулық, отбасына амандық тілейміз! Ұстаздар мерекесі құтты болсын!

«Ұстаздық  еткен жалықпас, үйретуден балаға» -  дегендей, ұстаздың әр адамның жүрегінен алатын орны айрықша, қолына қалам ұстатып, алғаш әліппені үйреткен мектебіміздің зейнеткер ұстазы, бастауыш сынып мұғалімі Айтқалиева Тәттігүл Айтқалиқызы. 1959 жылы 21 тамызда Қарсақбай поселкасында  дүниеге келген. Жезді мектеп – интернатында білім алып, 1980 жылы Жезқазған қаласындағы педагогикалық училищені аяқтап, Қарсақбай поселкасындағы №2 мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып орналасқан. 1998 жылы Сәтбаев қаласындағы №27 мектебінде жұмысын жалғастырып, осы мектепте 19 жыл ұстаздық қызмет атқарған. Еңбек еткен жылда талай жетістіктерге жетіп, мектепшілік, аудандық, қалалық мақтау қағаздары мен номинацияларға  ие болып, мектептің абыройын көтерген ізденімпаз ұстаз. Тәттігүл Айтқалиқызы өз бойына іскерлікпен, шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктірген,ұжым ортасында беделді, адамгершілігі мол, мінезі ашық  кемел ұстаз. Тәттігүл Айтқалиқызы сізді төл мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймын! Ел ертеңі болып табылатын ұландардың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда сіздің үлесіңіз орасан мол. Мерейіңіз үстем, мәртебеңіз биік болсын!

Майра Дәулетиярқызы Алматы қаласындағы   Қазақтың Мемлекеттік  қыздар педагогикалық институтының  «Библиография және кітапхана тану» факултетіне оқуға түсіп, бұл оқуды 1972 жылы бітіріп, казіргі Сәтбаев қаласына, ол кездегі Никольский қаласының №27 қазақ орта мектебіне келіп, өзінің еңбек жолын бастады. «Жас келсе іске!» дегендей Майра Дәулетиярқызы өзінің алғыр, біліктілігімен, іскерлігімен көзге түсіп, өзіне тапсырылған жұмысын адал атқаруымен ұжымда сыйлы бола білді. 1985 жылы кітапхана жұмысы жөнінен білім жетілдіру курсынан өтіп, 1987 жылы облыстық оқу бөлімінде «Кітапханашы және сынып жетекшілеріне көмек» тақырыбында әр ауданнан келген кітапханашыларға үлгі ретінде өз жұмысын дәріптеді. Жас ұрпақты тәрбиелеп өсіруде, оларға жан – жақты тәрбиелік кітапты насихаттауда көптеген игі істер атқарып келеді. Бір мекемеде 46 жыл еңбек етті. Заман талабына сай үнемі ізденісте жүретін кітапханашы еңбегі өте зор. Кітапханашы болудың қыры мен сырын меңгерген оқырмандармен жанды жұмыс жүргізе алатын нағыз кітапханашы болды.  Майра Дәулетиярқызы – қаламыздағы тәжірибелі кітапханашылардың бірі, мектебіміздегі өз ісін жан –тәнімен сүйе білетін, оқырмандармен мәнді жұмыс жүргізетін қазіргі кездегі аға буын өкілі бола білді. Майра Дәулетиярқызы білікті маман, ұлағатты ұстаз, үлгі аларлық тұлға. Майра Дәулетиярқызы сізді төл мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймын! Мерейіңіз үстем, мәртебеңіз биік болсын!

Адам баласын білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, адами қасиеттерді шәкірт бойына дарытуда, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі орасан. Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған адам баласы үшін мектеп-мәңгі жүрегінің екінші бөлшегіне айналады ғой. Бірде кабинетіме  бейтаныс адам кірді. Бұл кісінің мектебімізде 1995-2017 жылдар аралағында еңбек еткен ұстаз сызу, сурет, еңбек пәнінің мұғалімі, Қазақстан республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері - Серікбай Ашықбайұлы екендігін білген соң, әңгімеге тарттым. Бір қарағанда тұйықтау адам болып көрінгенімен, ашылып сөйлесіп, біраз сырын ақтарды. Қазіргі кезде Шымкент қаласына қарасты  Ақжайық елді мекенінде тұрады екен. «Туған жер ыстық қой, алайда, ұстаздық еңбегімнің куәсі болған Сәтбаев қаласын,оның ішінде мектебімді сағынамын. Есік алдында кетіп бара жатқан балаларды көріп, өзімнің қызмет еткен жылдарымды сағынамын»,-дегенде жанарында сағыныш пен мұң қатар тұрды. Ұстаз мектептен кеткенімен, мектеп ұстаз жадынан өшпейтінін  ұғындырғандай болды сол сәтте. Мектеп төрінде тұрған ұстаздар суретіне ұзақ үңілді. Зейнеткерлікке кеткеніне біраз жылдар болса да,өз суретінің әлі күнге дейін тұрғанын көргенде көңілі босағандай болды. Келесі күні өзін-өзі басқару ұйымы «Өнегелі өмір» жобасы аясында кездесуге шақырды. Бірге қызмет еткен әріптестері Серікбай ағайдың мектеп маңындағы ағаштардың барлығын егіп, жайқалып өсуіне еңбегін сіңіріп, сабағын ғана беріп қоймай, мектептің қоғамдық өміріне белсене араласқандығын айтты. Келесі жылы да мектепке ат басын бұрған ағаны  жылда келіп тұрыңыз деп шығарып салдық. Еңбек пәнінің ғана емес, нағыз еңбек адамының бейнесі- Серікбай Ашықбайұлы кәсіби мереке – Ұстаздар күнімен құттықтаймыз!Мамандығына даналық пен жастығын, шығармашылық пен зор энергиясын беріп, мейірімділік пен жанашырлықпен қараған Сіздің еңбегіңіз өлшеусіз!Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз! Биыл тағы да күтеміз, ұлағатты Ұстаз! Сағынып жүрміз!

Ұстаз-қандай қастерлі,ұлағатты сөз!Адам баласының жүрегінде қадір тұтып құрметтейтін екі ұғым болса,соның бірі- Ұстаз деп ойлаймын.  Ұстаз ұлық емес-ұлы қасиет,-деп Бауыржан атамыз айтқандай ,әр баланың жүрегіне жол тауып,білім нәрімен сусындатып,тәлім-тәрбие беріп,жақсы қасиеттерді бойына дарыта білетін жан-ол ұстазым Зағира Құлыбекқызы Құлыбекова.Зағира Құлыбекқызы туралы сыр шертсем өз маманының кәсіби шебері,тәжірибелі,білімді ,әдіскер,оқытушы ,талапшыл,ұстаздардың ұстазы. Құлыбекова Зағира Құлыбекқызы 1950 жылы 19 ақпанда Жезқазған облысы,Талап кентінде дүниеге келген.1965-1969 жылдар аралығында Қарағанды облысы,Саран қаласындағы Абай атындағы педагогикалық училищені бітіріп,еңбек жолын 1969 жылы Весовая кентінде №10 мектебінде  бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша еңбек жолын бастаған.1975-жылдары Сәтбаев қаласындағы №27 мектепте Бастауыш сынып мұғалімі және оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс атқарды.  41 жыл ұстаздық өмірде 1975 жылы Кеңес Одағы БЛКЖО Орталық комитетінің грамотасымен,1978 жылы Кеңес Одағы БЛКЖО-ның 60 жылдық мерейтойына байланысты Орталық комитетінің грамотасымен ,1980 жылы Қазақ ССР министрлігінің «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері»төс белгісімен,1985 жылы «Отличник просвещения СССР»төс белгісімен, «Лучший наставник» номинациясымен,1999-2010жылдар аралығында Сәтбаев қаласы әкімінің,білім бөлімінің Алғыс хатпен,Құрмет грамотасымен», «Нұр Отан»ХДП құрмет грамотасымен марапатталды.Ұстаз еңбегі үнемі баспа беттерінен  көрініс тапты. «Учитель Казахстана»газетінде О.Сүлеевтің,Сұлтан Әлидің   «Шарайна» газеттерінде «Асыл мұра»мақаласы,Учительская газетіндегі«Три конька»одной школы, А.Құлашеваның«Ұстаздық жеңіл жол емес» мақаласы болатын . «Адамның адамшылығы жақсы ұстазынан»-деп Абай атамыз айтқандай мұғалімнің берген тәлім тәрбиесі мен өнегесі оқушылардың жанында азық болып қалары сөзсіз. Тарыдай болып кіріп,таудай болып шықсаңда күніңізге, талабыңызға тілекші болып отыратын да ұстазым.Тарыдай болып кірген балапандарыңыз кірпіш болып қаланып,өмірден өз орындарын тауып,еліміздің әр түпкірінде еңбек етуде.Біз ұстазымызды құрмет тұтып,ұстазымызбен  мақтанамыз. Құрметті ұстазым Зағира Құлыбекқызы!Сізді кәсіби мерекеңіз ұстаздар күнімен құттықтаймын.Отбасыңызға амандық,ұзақ ғұмыр,жанарыңыздан әрдайым  нұр шашып,жүзіңізден күлкі кетпесін.Мерейіңіз үстем болып,шәкірттеріңіздің қуанышына бөлене беріңіз.

Мұғалім мамандық, ұстаздық-қасиет. Яғни, ұстаз болу-адам бойындағы ұлы қасиеттердің бірі. Ендеше,осынау үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын көп жыл бойы осы салаға арнаған, қаламыздағы ардагер ұстаздардың бірі Мұңсызбаева Асия Нәбиқызы. Асия Нәбиқызы 22.04.1958 жылы өмірге келген. Білімі жоғары. Ол 1979 жылы Жезқазған педагогикалық институтының қазақ мектептеріне арналған орыс тілі және әдебиеті пәні бойынша мұғалімдік мамандығын бітірген. 1979 жылдан бастап сол кездегі Никольск қаласындағы қазақ мектебі қара шаңырақ  N27 орта мектебіне  орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып  орналасып N27 мектебінде,ұзақ жылдар бойы қызмет етті. Осы мектептен зейнеткерлікке шықты. Салмақты да,сабырлы ұстаз еңбек еткен жылдарында талай жетістіктерге жетіп,марапаттарға ие болды. Қалалық, облыстық, республикалық олимпиада, марафон, зияткерлік ойындардың, конкурстардың, ғылыми жобалардың, түрлі сайыстардың жеңімпаздарын дайындады. Асия Нәбиқызының білім беріп, тәрбиелеген көптеген шәкірттері еліміздің, қаламыздың әр саласында бірі медик, бірі мұғалім, енді бірі кенші, банк т.б саланың қызметкері болып еңбек етіп, отанымыздың, еліміздің гүлденуіне өз үлестерін қосуда. Бүгінде осындай шәкірттерінің бірі Әубәкір Шапағат Момынбайұлы Сәтбаев қаласының әкімі қызметін атқарады. Құрметті Асия Нәбиқызы жас ұрақтың бойына білім мен өнерді,адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шындықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді,оларды тұлғалық азамат етіп қалыптастыруда сіздің сіңірген еңбегіңізбен үлесіңіз орасан зор. Оқыту мен тәрбиелеуде аянбай қызмет еткен аяулы, ардагер  ұстаз Асия Нәбиқызы сізді  алдағы келе жатқан ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтай отырып сізге мықты денсаулық,  отбасыңызға а  мандық, ұзақ  ғұмыр тілеймін. Мерекеңіз құтты болсын!

Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана сезімді сіңіруші адам-Мұғалім. Ендеше, өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек.Осы әңгімеге арқау болған ұстаздың бірі-Абдрахманова Жаныкүл Бейсенбекқызы. 1955ж Жезді қалашығында дүниеге келіп, онжылдықты бітірген соң мәдени ағарту училищесін тамамдады. Жас маман ретінде еңбек жолын өз туған жеріндегі Мәдениет сарайында балалардың мәдени секторы үйірмесін жүргізіп бастаған. 1980-1984жЖезқазған пединститутының жаратылыстану және география факультетін бітірген. Сол уақыттан бері Сәтбаев қаласындағы 27 орта мектебінде география пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. 2015ж бері құрметті еңбек демалысындағы Жаныкүл Бейсенбекқызын төл мерекесімен
құттықтап, зор денсаулық, ұзақ өмір тілейміз.

«Ұстаздық етпес жалықпас үйретуден балаға» - деген ұлы Абай бабамыз. Ұстаздар күні қарсаңында мектебіміздің 10 сынып оқушылары   Құлманов Жұмағали ұстазымызға құттықтау видеосын жолдады. Сіздің өмірлік тәжірибеңіз бен ақыл-кеңесіңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Себебі, сіздің берген біліміңіз менн тәрбиеңіз, шәкірттердің өсіп - өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен. Талай жасты тәрбиелеп, ізбасарларыңызды өсірдіңіздер. Бүгін, еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да Сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым - парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер. Сізді ұстаздар күнімен құттықтаймыз!  Өмір жасыңыз ұзақ, деніңіз сау болсын!